Жүрегіңнің түбіне терең бойла, Мен бір жұмбақ адаммын, оны да ойла. Абай [1]
Мұны жазған кісінің, Атын білме, сөзін біл. Абай [2]
Ақын және ойшыл Абай Құнанбай-ұлы ұзақ уақыт бойы қазіргі қазақ мәдениетінің негізін қалаған тұлға ретінде саналып келді. Жазушы Аслан Жақсылықов бірде 19-ғасырдың ірі ағартушы тұлғалары арасында қазақтың ұлттық болмысының (менталитетінің) қалыптасуына Шоқан Уәлиханов пен Ыбырай Алтынсариннен гөрі Абайдың ықпалы зор болды деген еді. [3] Абайдың ықпалының орасан зор болғаны күмәнсіз, бірақ Аслан Жақсылықов және оның буынындағы басқа жазушылар мәлімдеген деңгейде ме? Қазіргі қазақ қоғамы тіл және мәдениетке қарай жікке бөлініп отыр, ал Абайдың бұған қаншалықты үлес қосқанын дөп басып айту қиын болғанымен, Абайдың шығармаларында осы екі топтың да көңіліне қонымды элементтердің бар екені анық.
Абайға арналған көптеген академиялық зерттеулерге қарасақ та, немесе Абай туралы ақпарат тарататын академиялық емес вебсайттарға көз жүгіртсек те, осы жік көзге түседі. Орыс тілді қазақтар Абайды орыс тілі мен Еуропа мәдениетіне бет бұрған алғашқы ағартушы, орыс-қазақ достығының дәнекершісі ретінде дәріптесе, тілі қазақ ағайын Абайды ұлы лирик-ақын және ғұлама ойшыл деп құрметтейді. Алайда, бұл екі түрлі көзқарас мақтаныш сезімін ғана емес, сонымен қатар біраз теріс көзқарастар мен жағымсыз ой-пікірлердің туындауына да себепші болды. Мысалы, кейінгі буын өкілдерін әсіресе ашындыратыны – алғаш рет 1933 жылы Қара Сөздер (проза) деген атаумен жарық көріп, 1945 жылы орыс тіліне Слова Назидания (Ұлағатты сөздер) деп аударылған прозасындағы Абайдың қазақтар туралы зәрлі де ұнамсыз пікірі, қазақтардың «жалқау», «надан», «бірін-бірі көре алмайтын қызғаншақ», одан қалса «бір-біріне дұшпан» деп сипатталуы. Жас буын өкілдерінің пікірінше, қазақ-орыс мектептерінде Абайдың қазақтар жайлы аса жағымсыз пікірін оқытуға ондаған жылдар бойы басымдылық берілуі қазақтардың бірнеше буынының өзін-өзі қадірлеу сезімін улап, басқа этникалық топтар арасындағы қазақтар туралы таптаурынды жағымсыз пікірлердің қалыптасуына әсер етіп, Қазақ қоғамындағы жікшілдікті одан сайын тереңдете түсті.
Сыншылардың ашуының астарында тағы бір ой жатыр: Абай – қазіргі қазақ қоғамындағы Қазақ ұлтына деген құрметтің төмендігіне ғана емес, сонымен қатар қазақтардың көшпенді ата-бабаларына деген сый-құрметтің жоғалуына да жауапты. Атап айтқанда, өзі көшпенді қазақ болған Абайдың аяқ астынан өз мәдениетінен жеріп, орыстың мәдениеті мен білімін одан артық көре қалуы – дүдәмалды хабар. Алайда, Абайға бұндай сын айтушы жас буын өкілдері бір маңызды жайттан бейхабар тәрізді: Абайдың өмірбаяны мен шығармалары әртүрлі кезеңдерде сомдалды және Абай шығармаларындағы көшпенділікке қарсы, орысқа жақтас сарын кейіннен, Кеңес Одағы кезеңінде цензура қысымымен қосылған еді.
Екінші жағынан, мектеп оқулықтары әлі күнге дейін Абайдың ақындық, суреткерлік ерекшелігін мүлдем назардан тыс қалдырып, оның шығармаларының дидактикалық мазмұнына ғана мән беретінін де жоққа шығаруға болмайды. Мысалы, қазақ мектебінің 3-ші сыныбына арналған бір оқулықта Абайдың Ғылым таппай мақтанба және Құлақтан кіріп бойды алар атты 2 дидактикалық өлеңіне қоса 38-ші сөзінен (ең күрделі мәтін) алынған шағын үзінді кіріпті. Осы 60 сөзден ғана тұратын шап-шағын үзіндіде кейде екі рет қайталанған 9 жағымсыз сөз бар екен: надандық, жалқаулық, қулық, сауатсыздық, арсыздық, талапсыздық, әлсіздік, дұшпандық. Мәтінге берілген жаттығудағы жағымсыз сөздерді қосқанда (надан, дарынсыз, жалқау, сараң, өтірікші, дөрекі), қазақ мектебінің 3-ші сынып оқушылары Абайдың қазаққа қатысты қолданған 17 жағымсыз сөзін үйренеді екен. Осындай негатив дозасынан 9 жасар қазақ бала қандай қорытындыға келуі тиіс? Ал Абайдың қазақтан мүлдем түңілген және ең бір зәрлі сөздерімен аяқталатын 7-сөзін оқыған 6-шы сынып оқушысы қандай түйін түймек: «Көкіректе сәуле жоқ, көңілде сенім жоқ. Құр көзбенен көрген біздің хайуан малдан неміз артық? Енді осы күнде хайуаннан да жаманбыз... Біз түк білмейміз, «біз де білеміз» деп надандығымызды білімділікке бермей таласқанда, өлер-тірілерімізді білмей, күре тамырымызды адырайтып кетеміз».
Бала тәрбиесінің психологиялық жағына үлкен мән беретін біраз жас ата-ана Абайдың прозалық шығармаларын мектеп бағдарламасынан алып тастауға шақырып та жүр. Әлеуметтік медиа алаңында Абайға қатысты осындай сын көтерілсе болғаны, «Абайдың қазақ туралы сыни сөздері жеккөргеннен емес, керісінше, адам табиғатына тән қызғаншақтық пен жалқаулықты жеңіп, жақсылыққа шақырған қатал сүйіспеншіліктен туындаған, мәңгүрттер сөз төркінін түсінбейді»,- деп қазақ қазаққа дүрсе қоя береді.
Ал Абайды орыс мәдениетін уағыздаушы, алғашқы ағартушы ретінде танитын орыс тілді қауым ақынның қазақ мәдениетіне қосқан орасан зор үлесі – оның лирикалық ақындығын мүлдем елемей, Абайдың 19-ғасырдағы орыс классиктері – Лермонтов, Пушкин, Крылов аудармаларына, оның 45 сөзіндегі орысқа жақтас тұстарына және Кеңес дәуірі кезеңіндегі ғалымдар мен насихатшылар жазған мақалаларға баса назар аударады. Олардың Абайдың суреткерлігін бағалай алмайтын жөні де бар, себебі көпшілігі қазақ тілін жетік білмейді де, Абай өлеңдерін түпнұсқада оқи алмайды. Оның үстіне, Абайдың терең ойлары мен ақындық шеберлігін орыс тіліндегі тәржімесі арқылы тану мүмкін емес. Өйткені, Абайдың бай және күрделі тілін осы күнге дейін орыс тіліне ешбір аудармашы аудара алмады. Ғалым Гүлзия Қамбарбаеваның 1964 жылы Абайдың ең үздік аудармалары 1936-54 жылдары жасалған Всеволод Рождественский, Семен Липкин және Мария Петровых аудармалары деген еді, осы пікір әлі өзгерген жоқ. [4] Бірақ бұл аудармалардың сапасына қатысты айтар сын көп және бұл бізді таң қалдырмауы тиіс. Себебі, аталған аудармашылардың кәсіби біліктілігі әдеби аударма саласының ең қарапайым талабына сай болмады: олар түпнұсқа тілді білмеді. Түпнұсқада оқи алмайтын адам ақынның не айтпағын түсініп, өлеңін аудара ала ма? Қазақ тілін жетік білмеу себебінен аудармашылар әлі күнге дейін Абайдың метафоралық бейнелерге толы жырларын қажетті деңгейде орыс тіліне аудара алмай жүр.
Шындығында, Абайдың жайын трагедия десе артық емес. Абайдың өлеңдері – ақындық шеберлік үлгісі және бұл шеберлікті қазақ тілін жетік меңгерген оқырмандар ғана бағалай алады. Ал Абай жырларының басқа тілдердегі (әсіресе, орыс тіліндегі) тәржімесін оқитындар Абаймен оның ұлылығын жеткізе алмайтын нұсқалары арқылы танысып жүр. Абайдың ақындығының әр қазақтың мақтаныш сезімін тұтатып, қазақтардың басын қосатын күші бар еді. Бірақ кеңестік дәуірден кейінгі Қазақстан қоғамында Абайдың бейнесі қарама-қайшы пікірлер туындатып, мәдениет және тілге қатысты бөлініп-жіктелудің символына айналып отыр.
Ал осы мәселеге мұқият зер салсақ, осы қасіреттің негізінде – 20 ғасырда Абайдың бейнесін, оның өлеңдерін өз мүддесіне пайдалану мақсатымен бұрмалаған саяси айла-шарғылар жатыр. Абай – нағыз суреткер ақын еді, ал оның тек қана ақын болып қалуына ешқашан жол берілмеді. Ол әрқашан да саяси құрал ретінде қолданылды. Осы саяси бұрмалауды тереңірек зерттесек, қасіреттің ауқымы одан да ұлғая түспек. Бүгінгі күні қазақтар білеміз деп жүрген Абай жайлы ақпарат және Абайға тиесілі деп жүрген шығармалар – 20 ғасырдың басында бір сомдалып, Кеңес одағы кезінде, яғни, Абайдың алғашқы екі өлеңі Дала Уалаяты газетінен жарияланғаннан соң қырық жылдан кейін, қайта сомдалған еді.
1930-жылдары Кеңес үкіметінің Абайды насихаттау науқанына қатысқан Мұхтар Әуезов 1940-жылы оқырмандарын Абайдың шығармашылығы айналасында өрбіп жатқан мәселелер туралы ескертіп қоюға тырысқан іспетті. [5] Әуезов, бір жағынан, Абайдың жаңа өлеңдерін «тауып алғыштардың» көбейіп бара жатқанына алаңдап, кезінде Абайға еліктеп өлең жазғыштардың көп болғанын ескеруге шақырса, екінші жағынан, табылды-мыс жаңа өлеңдердің түпнұсқалығын анықтау үшін өзара талдаудан өткізетін ғылыми әзірлігі жеткілікті ғалымдардың жоқтығына алаңдайды. Әуезовті бұл мәселелер алаңдатты, себебі бұлар «болашақ зерттеушілерді» бұрыс бағытқа итермелеп, шатастырады деп қауіптенді. Абайдың ақындығын дұрыс түсінуге көмек ретінде Әуезов болашақ зерттеушілерге Абай өмір сүрген 19-ғасырдағы көшпенді қазақтардың тарихи ортасын ғылыми тұрғыдан зерттей түсуге кеңес береді. Әуезов 1940-жылы неге болашақ зерттеушілерге баса назар аударды? Ол неге тарихи контексті зерттеуге мән берді? Әуезов жалпы не айтқысы келді? Қазақ ұлттық қозғалысының Сталин тазартуынан аман қалған жалғыз өкілі – Мұхтар Әуезов 1940 жылы ешбір тақырып жайында өз ойын ашық түрде айта алмады. Тарихи контексті тереңірек зерттеудің қажеттігіне баса назар аударып, өз үмітін болашақ зерттеушілерге арту арқылы Әуезов өз ойын қауіпті болса да, астарлап оқырмандарына жеткізгісі келген сияқты. Оның айтқысы келгені – 19 ғасырда өмір сүрген Абай сияқты көшпендінің қазіргі уақытта, яғни, 1940 жылы, оған таңылған орысқа, коммунизмге жақтас, ал қазаққа, көшпенділер мәдениетіне қарсы сенімдерді қолдауы мүмкін емес екенін, сондықтан Абай шығармашылығының түпнұсқасы мүлдем басқа болғанын меңзеген сияқты.
Демек, Абайдың өмірбаяны мен шығармаларының уақытына қарай өзгергеніне дәлел іздеген зерттеушілер үшін мына сұрақ маңызды: Абайдың қазіргі шығармашылығынан Әуезовтің ұстазы Әлихан Бөкейхан-ұлының сөзімен айтқанда, «саф алтын сомтуманы» [6] қайта қазып алу мүмкін болар ма екен?
Абай өлеңдері «әлем әдебиеті» деген анықтамаға лайықты болу үшін, әлем әдебиетінің басқа туындыларын бағалау стандарттарына сай тексерілуі тиіс. Құран және Інжіл іспеттес діни мәтіндердің, Авиценна мен Платонның философиялық мәтіндері мен Уильям Шекспирдің шығармаларының түпнұсқалығы ғасырлар бойы зерттеліп келе жатқаны белгілі. Нәтижесінде, біз осы мәтіндер және олардың жазылу тарихы – қашан және қайда, кім жазғандығы туралы көбірек біліп, сенімділікпен айта аламыз. Осындай деңгейдегі зерттеу жұмыстары Абай өлеңдеріне де қолданылуы тиіс, бірақ бұл зерттеу паранойядан емес, ақынға деген сый-құрметтен туындауы тиіс. Егер өнер саласында ескі мәтіндерді, суреттер мен монументтерді қайта қалпына келтіру қалыпты жағдай болса, Абайдың өлеңдерінің түпнұсқасын неге іздемеске?
Ғалымдар Абай авторлығына және оның шығармаларының түпнұсқалығына күмәні бар екенін әлдеқашан, үнсіз болса да, мойындаған болатын. 1932 жылдың өзінде ғалым және ақын Ілияс Жансүгіров «Абайдың өмірбаянының ғылыми тұрғыдан жазылмағанын», оның «дақпырт» сөз бен «алып-қашпа» әңгімеге негізделгенін айтқан болатын. [7] Кеңес кезінде Абай еңбегін зерттеушілердің арасындағы ең ықпалды ғалым Зәки Ахметовтың Абайдың өмірі мен шығармаларын талдау барысында әрқашан болжамды шақты («мүмкін», «ықтимал») қолданғаны тегін болмас. [8] 2008 жылы әдеби сыншы Николай Анастасьев Абай жайлы ешбір жазбаша құжат не физикалық дәлел болмағандықтан, Абайдың «өмірбаянын» жазу мүмкін еместігін мойындап, тек қана «портретін немесе сұлбасын» жасауға болатынын айтқан еді. [9]
Күмән әлеуметтік медиа алаңында да туындаған болатын. Мысалы, 2017 жылы бір блогер Абайдың Қара Сөздерін бір топ кеңес насихатшылары 1930 жылдары жазып шығуы ықтимал екені жайлы пікірін білдіріп, «Абай» деген адамның шынымен болғанына шүбә келтірген еді. Осыған байланысты туындаған пікір-талас ұрыс-керіске айналып, блогерді балағаттап, оған қоқан-лоққы көрсету қазақ қоғамына тереңінен бойлаған лингвистикалық және мәдени жіктелудің, сорақы мәдениетсіздіктің әлеуметтік медиа алаңына да жеткеніне көз жеткізді. Алайда, пікір таластырушылар блогер көтерген ең негізгі сұрақтарды талқылауға ешбір құлық танытпады. Біз осы күні «Абай» деп атайтын адам кім болған? Біз Абайға тиесілі деп сенетін шығармалардың барлығын осы адам жазды ма?
Бұл мақалада көтерілген мәселелер алғаш рет көтеріліп отырғандықтан, оларға қатысты әртүрлі қарама-қайшы пікірлердің туындайтыны анық. Осы уақытқа дейін Абайтанушыларға бұл мәселелерді көтеруге кедергі жасап отырған Кеңес үкіметі орнаған сәттен бері жалғасып келе жатқан үнсіздік мәдениетіне қоса тағы бірнеше фактор бар. Абайдың өмір-тарихы мен шығармашылығының уақыт өте келе өзгерістерге ұшырағанын ғылыми тұрғыдан зерттеу үшін филолог ғалымдар әр алуан эксперттік білім және біліктілікке ие болуы міндет: 19-ғасырда қазақтар қолданған арап қарпін терең меңгеру, сонымен қатар «Абай туып өмір сүрген заман» мен 1928-33 жылдары көшпенділік өмір салты жойылып, Абайға ұлттық ақын мәртебесі берілген уақыт аралығындағы көшпенділік тарихын жетік білу. Бұл кезеңде жазылған дереккөздері сол қалпында оқымай, тарихи контекстіне сай тәржімелей білу де ғылыми әдістемені қажет етеді. Дегенмен, Абайтанушылардың осы уақытқа дейін көшпенді қазақтар тарихы мен мәдениетін Кеңес үкіметі танған марксистік-лениндің күйінен ажыратып, тарихи жолмен зерттей отырып, тереңірек түсінуіне неге осыншама құлықсыз болғаны аса түсініксіз мәселе, әрине.
[1] Абай. Өлсем орным қара жер сыз болмай ма.
[2] Абай. Білім таппай мақтанба.
[3] Аслан Жаксылыков. Поэтика и эстетика Абая. Алматы, 2012.
[4] Гүлзия Камбарбаева. Стихи Абая в переводе на русский язык. Алматы, 2014.
[5] Мұхтар Әуезов. Абай жайын зерттеушілерге. Шығармаларының 50 томдық толық жинағы. Мақалалар, зерттеулер және пьесалар. 1937-1940. Алматы, 2004. 15-томы, 30-33 бет.
[6] Алихан Букейханов. Абай (Ибрагим) Кунанбаев (некролог) // Семипалатинский Листок. 1905, № 250.
[7] Ілияс Жансүгіров. Кіріспе. «Абай Құнанбайұлы. Толық жинақ». Қызыл Орда, 1933. 5-бет.
[8] Заки Ахметов. Новое о переводах Абая из М. Ю. Лермонтова // Тюркологический сборник, №1, 1951. Зәки Ахметов. Кемел ақын, кемеңгер ойшыл. Есенбай Дүйсенбайұлы (ред.). Абай шығармаларының екі томдық толық жинағы. Алматы, 2005, 1-томы, 6-33 бет.
[9] Николай Анастасьев. Абай. Москва, 2008, стр. 7.