Бұл мақалада «Абайдың» соңғы 100 жылда сомдалған ресми тарихына қарама-қайшы біраз деректер ұсынылды. Мақала барысында Абай канонындағы шығармалардың көбінің авторы Әлихан Бөкейханов болуы мүмкін екенін меңзейтін біраз деректер қарастырылды. Егер XX ғасыр тарихы басқаша болғанда, бүкіл түркі әдебиетіндегі ең ықпалды гетеронимді сомдаған Бөкейханов, бәлкім, Орталық Азияның ұлы жазушыларының бірі болар ма еді? «Абай» – Бөкейхановтың альтер-эгосы, ең бір шебер сомдалған гетероним болып танылар ма еді?
Бұл мақалада аталғандай, абайтанушылар шындықты білгенге ұқсайды. Кеңес заманында аса ықпалды болған Хайржан Бекхожин, Михаил Фетисов пен Үшкөлтай Субханбердина сияқты ғалымдар Бөкейхановтың аты-жөнін жиі «Абаймен» алмастырды. Басқа да ғалымдар мен насихатшылар олардың ізімен Бөкейхановтың өміріндегі кейбір деректерді «Абайға» таңды. Бұл мақаланың оқырмандары «Абайдың» ресми өмірбаянына тағы бір көз салғанда немесе жуықта ашылған «жаңалық» жайлы естігенде, бұл хабардың нағыз кейіпкері Бөкейханов немесе басқа біреу болуы мүмкін екенін есіне салса жақсы. Мысалы, Дала Уалаятының Газетінің 1890 жылғы 42-санында «Ибрагим Әділұлы Бөкейханов» атты ауқатты қазақ Қазанда өткен көрмеге безендірілген киіз үйге қоса сұлтанның қымбат киімдерін, оның ішінде шапан, кәмшат бөрік сияқты біршама үлес қосады. Осы шағын хабардағы ақпарат кейінгі жылдары «Абайға» қатысты қолданылып жүргенге ұқсайды. Бұл адам кім? Немесе, 1889 жылдың 2 санында Қапал уезінің биі «Шәумек Құнанбай» қайтыс болып, әкімшілік тізімнен алынғаны жайлы жазылған. Қазақ тіліндегі алған газеттен білеріміз – бұл есімдер сол кезде жиі қолданылған есімдер. Дала Уалаятының Газетінің әр жылын сол қалпында, орыс тіліндегі аудармасымен бірге қайта шығарса, тарихшылар мен филологтарға үлкен көмек болар еді.
Дегенмен, Абайдың жеке тарихы – Бөкейханов өмірінің көшірмесі деу қате. Абайдың ресми өмірбаянында (басқа нұсқаларында да) ойдан шығарылған элементтер көп. Оған қоса, Бөкейхановтың жеке тарихында да белгісіз дүние жетерлік: туған жылы, туған жеріне қатысты сұрақтар әлі де бар, бала кезіндегі әлеуметтік жағдайы және әсіресе – 1937 жылы қамауға алынғанға дейінгі үйқамақтағы кәсіби өмірі жайлы деректер аз.
Сондықтан бұл мақаладағы деректер зерттеушілерді оның өміріне басқа қырынан қарауға шақырады деп сенеміз. Сталин кезінде қаншама жеке құжаттар жойылып, пост-кеңестік кезеңде қаншама архив құжаттары құртылып жатса да – Бөкейхановтың өмірінің кейбір сәттерінен хабар беретін жазбалар әлі де жетерлік. Және бұл сұрақтар зерттеуге тұрарлық, себебі Бөкейханов – қазақ тарихындағы ең маңызды тұлғалардың бірі. Саяси көшбасшы ретінде ол батырлық пен беделге ие болып, қаншама адамды көшпенді қазақтардың құқығын қорғау күресіне жұмылдыра білді. Өткір тілді және еңбекқор тілші ретінде көптеген газет-журналға қаншама мақала жазып, қазақ тарихында аса маңызды орын алған 2 газеттің редакторы болды. Ақын ретінде, жасырын, бірақ қазақ тіліндегі ең шебер сомдалған, халық көңілінен шыққан туындыларды дүниеге әкелген бірегей дарын иесі. Бөкейхановтың жаңа өмірбаяны –«Абая» өмірбаянын сомдауда оның өз өмір деректеріне қаншалықты сүйенгенін және кеңес жазушылары, ғалымдары мен насихатшылары өз жазбаларында Бөкейхановтың өміріне қаншалықты сүйенгенін аша түсер еді.
Бұның барлығы көптеген мұқият зерттеулерді қажет етеді, бірақ осы мақаладағы аздаған деректер де «Абай» мен Бөкейханов өмірінің бір емес екен көрсетті. Олардың өмірбаяны да, шығармашылығы да толығымен сәйкес келмейді. Бөкейханов біз «Абайға» тиесілі деген көптеген өлеңдер мен аудармаларды жазса да, ол олардың жалғыз авторы емес. Бұған басқа жазушылар да ат салысты. Жүсіп Көпейұлы мен Шахин Керей Бөкеұлы да үлес қосуы мүмкін. Оның саяси және шығармашылық одақтастары Амет Байтурсынов пен Міржақып Дулатов та «Абая» өлеңдеріне үлес қосты, біраз жылдан кейін Жүсіпбек Аймауытов та бірнеше прозалық мәтінді жазды. Оған қоса, бір топ кеңес насихатшылары да Алаш мәдени қозғалысының жазбаша мирасын қолына түсіріп, бүгінгі таңда «канон» саналып отырған жинаққа біраз өлеңдер мен проза мәтіндерін қосты.
Бірақ кеңес нұсқасы канон саналмауы тиіс. «Абайдың» өлеңдері мен прозасы оларды сомдаған авторлардың өз ниетіне сай алғашқы нұсқасына қайтарылуы тиіс. Бұл қағида әлемдегі барлық өнер туындыларына қатысты қолданылса, «Абай» шығармашылы неге олардан бөлек, қатып қалған догма болу тиіс? Тіпті көптеген авторлардың еңбегінің нәтижесі болса да, «Абай» шығармашылығы – Қазақстанның аса маңызды мәдени мирасы болып қала береді.
Ең бір күрделі мәселе – «Абай» канонына 1933 жылы қосылған 36 мәтіннің авторларын анықтау болмақ. Зерттеушілерге кеңес үгіт-насихатының мәтіндер көптеген редакторлар мен аудармашылардың қолынан өтіп, лауазымды адамдардың құптауына жіберілген құпияға толы әлемін мұқият зерттеу қажет болады. Оған қоса, Абай канонында авторын анықтау аса қиын болатын туындылар да бар. Мысалы, 38 сөзді кім жазды? Мәтін сарыны мен мазмұнына қарасақ, оны бір білімді молда жазуы әбден мүмкін. Бірақ кім? Дүние-мүлкін кеңес үкіметі тәркілеген, Алаш Ордаға қатысы бар молда ма? Солай болып шықса, онда бүгін «Абайға» тиесілі деген көптеген өлеңдер мен мәтіндерді Алаш Орда жақтаушылары жазғанына айғақ болар ма еді? 38 сөздің түпнұсқасы табылса, кеңес редакторларының 1933 жылы шығармалар жинағын өз мүддесіне пайдалану үшін қандай айла-шарғы қолданғаны да анықталар еді.
«Абайдың» шығу тегін, тарихын зерттеу өз алдына мәдени-тарихи еңбек қана емес, сонымен қатар бір тұлғаның өмір тарихы жайлы еңбек болар еді. Күндердің күнінде, мұқият зерттеулер нәтижесінде Бөкейханов «Абайға» тиесілі деген шығармалардың көбінің авторы екені дәлелденсе, онда зерттеулердің мүлдем жаңа аясы ашылар еді. Тілшілік қызметін өте ерте бастаған Бөкейханов, әсіресе 20 ғасырда аса жемісті автор болды. Бөкейхановтың барлық прозалық шығармаларын тауып, бір жинаққа жинаса, қазақ тарихында аты-жөніне тым ұзақ тыйым салынған ең күшті зияткер ескерткіші болар ма еді. Бөкейхановтың толық жинағы Абай канонындағы мәтіндерді тереңірек түсінуге көмектесер еді.
Бұған бір мысал ретінде, алғаш рет орыс тілінде 1892 жылдың мамыр айында «Сибирский Вестник» журналынан, артынша шілде айында Дала Уалаятының Газетінен қазақ тілінде жарық көрген «Қазақтардың есінен кетпей жүрген бір сөз» атты очеркті атауға болады. [138] «Енлік-Кебек» аңызын баяндап, Қарқаралы аймағы жайлы тарихи ақпарат беретін бұл очерк 1980 жылдары (гласность кезінде) қайта табылып, Абайдың туысы Шәкәрімдікі делінді.
1988 жылы жазушы Мұхтар Мағауин бұған қарсылық білдірді. Очерк пен Абайдың каноникалық прозасының арасындағы идеялық ұқсастықты көрсетіп, ол заманда сол аймақта бұл очеркті жазуға ғылыми білімі мен біліктілігі жететін жалғыз адам болғанын атап, бұл очерк авторы Абайдан басқа ешкім болуы мүмкін емес деді. Оған қоса, автордың аңызды баяндау шеберлігіне қайран қалған Мұхтар Мағауин Абайды «қазақ прозасын негіздеушілердің бірі» деп мәлімдеді. Бұл тақырыпқа 2015 жылы қайта оралған жазушының айтуына қарағанда, бұл жаңалыққа қатысты «Ғылым Академиясындағы ағайындар үнсіз қалған». [139] Бірақ жазушы «Сибирский вестник» журналында жарияланған очерктің түпұсқасын көрмеген болуы керек, себебі ежелгі атастыру дәстүрін бұзған екі ғашық жайлы бұл очерк «М. П. Б.». деген орыс әйелге арналған еді. Жазушы «Сибирский вестниктегі» мақаланы көрсе, оған үш әйелі бар ауқатты көшпенді Абай тіпті лақап атпен болса да орыс әйелге жүрегін ашпайтыны айқын болар еді.
1892 жылы бұл мәтінді жаза алатын жалғыз қазақ тағы Бөкейханов болса керек. Қарқаралы аймағында дүниеге келіп, әдебиетке деген құштарлықты ғылыммен ұштастырған жалғыз сол еді. 1892 жылы Бөкейханов орман факультетінде (Томск не Петербургте) оқып жүрген еді және бұл дерек автордың көшпенділердің ағаштарды жою қадетінің аймақтың экологиясына кері әсер еткені жайлы ғылыми ойларын неге жазғанын түсіндіреді. Оған қоса, авторы Бөкейханов болса, очерктің неге орыс әйелге арналғаны да түсінікті болар еді. 1901 жылы Бөкейханов Омскідегі халықшылдың қызы – Елена Севостьяноваға үйленіп, 1918 жылы ол қайтыс болғанға дейін екеуі отау құрды.
1892 жазылған мәтінді Бөкейханов еңбектерінің тізіміне енгізіп, Абай канонындағы «Жарқ етпес қара көңілім не қылса да», «Сен мені не еттің» өлеңдерімен салыстырса, ұқсастық сонда байқалады. Осы 2 өлеңдегі өзін тастап кеткен «ақ тәнді» әйелге жалынған лирикалық кейіпкердің тұлғасы оқырмандарды әрқашан шатастырып, ойға қалдырған «жұмбақ». Мысалы, жазушы және сыншы Таласбек Әсемқулов осы өлеңдерді ұзақ талдап, жауабын таппады. Өлеңдерде «жар» сөзі жиі кездессе де, жазушы бұл өлең Әбішке арналды деуге мәжбүр болды. Себебі ақынның өмірбаняы мен бұл өлеңде ешбір байланыс жоқ. [140] Егер Таласбек Әсемқұлов Шәкәрімге таңылған 1892 жылғы очерктің авторы жас Бөкейханов екенін білгенде, сұңғыла жазушы бір гәптің бар екеніне назар аударар ма еді? Салыстырып оқу күші осында: мәтіннің өзінен-ақ көп нәрсені түсінуге болады.
Өкінішке орай, Қазақстанның қазіргі ғылымы мүлдем басқа жолды таңдады. Талдауға емес, «жаңалық табуға» көп көңіл бөлінуде: Абайға қатысы бар деген жаңа тұлғаларды бір жерлерден қазып шығару немесе Абайға «тиесілі болған» зат табу сияқты. Бұл адам сенбейтін жаңалықтарды ешбір ғылыми тексеруден өтпей жатып хабарлайтын да ресми БАҚ.
Абайтану саласындағы ешбір ғылыми негізі жоқ жаңалықтар ашу дәстүрі жаңа феномен емес, кеңес заманынан қалыптасқан үгіт-насихат әдісі. Мұхтар Әуезов 1940 жылдың өзінде мәтіндерді, өмірі деректерін немесе қандай да заттарды Абайға тиесілі деп тану барысында ғылыми жауапкершілік қажет екенін қатты ескерткен еді. [iv] Бұл мәселені елдегі тіл мәселесі де ушықтырып отыр: орыс тілді ғалымдардың көбі қазақ тілін білмегендіктен, олардың қазақ тілді әріптестері қандай зерттеулер жасап жатқанынан еш хабары жоқ.
Кеңес идеологиясының қазақ ғылымына залалды әсеріне қарамастан, үміт те жоқ емес. Бұл мақала аталып отырған мәселелерге жаңа буын әдеби сыншыларының назарын аударту мақсатымен жазылды: Алаш пен «Абай» мәтіндерінің ұқсастығын зерттеу үшін, әртүрлі мамандардан, соның ішінде арап қарпін жетік білетін, қазақ-орыс-ағылшын филологиясын терең меңгерген, сондай-ақ, стиллометриялық санақтың жаңа әдістерін меңгерген мамандардан тұратын мүлдем тәуелсіз ғылыми топ құрып, зерттеу жобаларын бастау қажет. Бұл ғылыми топ шетелдің форензика мамандарының көмегімен әртүрді мұрағаттарда жасырын жатқан қолжазбалардың тегін тексеруіне болар еді.
Оған қоса, бұл мақала жаңа буын тарихшыларына да үндеу салады: тарихшылар Кеңес заманынан бері қалыптасқан тарихи тұлғаларды мінсіз тас мүсінге айналдыру дәстүрінен құтылып, «Абай» бейнесін саяси мақсатпен сомдап, өздері не болжай, не бақылай алмай қалған тосын тарихи жағдайлар күшімен жеңіліске ұшыраған талантты, бірақ міні де жоқ емес азаматтардың шынайы тарихын зерттесе келер ұрпаққа бұл шындық әлдеқайда пайдалы болмас па еді. Бұл жаңа тарих – кеңес идеологтары құрастырған жалған идеалды «нарратив» емес, «Абай» өмірі мен еңбектерінің потенциалды шынайы тарихы болар еді. Оға қоса, бұл тарихтың жүрегінен кеңес одағына дейінгі күйі қалпына келтірілген ерекше әдеби туындылар шығуы да мүмкін.
«Абай» – Қазақстанның ең белгісіз жазушысы. Қазақ халқы бұл шындықты қабылдай алса, олар қазір өте аз зерттеліп жатқан нағыз тарихын білуге әзір болар еді.
[138] Забытый. «Незабытое» прошлое и настоящее киргизов. Очерки. // Сибирский вестник. 1892, № 60. Ұмытылған. Қазақтардың естерінен кетпей жүрген бір сөз. Дала Уалаятының Газеті. 1892, 29, 31-32, 34-40 сандары.
[139] Мағауин М. Абайдың белгісіз әңгімесі. // Abai.kz, 2015, 11-шілде.
[140] Әсемқұлов Т. Абай кітабы (2004), Абайдың ұлы жұмбағы (2005). Таласбек Әсемқұлов. Шығармалары. Алматы, 2016. 178-184 беттер.
[141] Әуезов М. Абай жайын зерттеушілерге. // Шығармаларының елу томдық толық жинағы. Алматы, 2004. 15-том, 30-33 бет.